Елордада «Бұрқасын – 2025» қысқы фестивалі өтті

Демалыс күндері Астана қаласындағы Есіл өзенінің бойында дәстүрге айналған «Бұрқасын – 2025» қысқы фестивалі қайта жаңғырды.
Айтулы шара, 2024 жылы ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты өткізілмеген болатын. Енді, биыл бұқаралық іс-шара қайта жалғасын тауып отыр. Жалпы, «Бұрқасын» мерекесі сонау 2000 жылдан бері үздіксіз өтілуде. Алғашқыда 5 спорт түрі қамтылса, қазіргі сәтте оның саны артып, жылдан жылға спорттық дәстүр елорданың қысқы маусымының бір бөлігіне айналып келеді.
Шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысты.
«Бүгін біз дәстүрге айналған, көптен күткен қысқы спорт мерекесі – «Бұрқасын» фестивалінде өздеріңізді көргеніме қуаныштымын. Бұл шара 24 жыл бойы Астанамыздың ажырамас бөлігіне айналып, салауатты өмір салтын насихаттау мен қысқы спорт түрлерін дамытуда ерекше орын алып келеді.
Бүгінгі жарыстар әділ әрі жоғары деңгейде өтетініне сенімім мол. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін! Қысқы спорттың қуанышын бірге бөлісейік, «Бұрқасын» фестивалі бәрімізге жарқын эмоциялар сыйласын!», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов.
24-рет өткізіліп жатқан қысқы спорт фестиваліне 1000-ға жуық қатысушы тіркелді.
Фестиваль барысында қатысушылар 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Олар: шаңғы жарысы, гір тасын көтеру, қол күресі, белбеу күресі, арқан тарту, пималы хоккей, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол.
«Бұқаралық спортты дамыту мақсатында көптеген шаралардың өтетінін білемін. Бірақ дәл осы «Бұрқасын – 2025» қысқы фестивалінің орны бөлек деп айтып жатады. Сондықтан арнайы келуді жөн көрдім. Тек көрермен ретінде ғана емес, қол күресінен өзімнің күшімді тексеріп көрмекшімін. Алған эмоциям керемет. Демалыс күнім сәтті өтті деп айтуға толық негіз бар», – деп Данияр Әлтенов атты қала тұрғыны эмоциясымен бөлісті.
Шара соңында әр жас тобындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, барша қатысушылардың арасында лотерея ойнатылып, түрлі естелік сыйлықтарына ие болды.