Елорда арулары Ташкент төрінде күміс медаль жеңіп алды

Көркем гимнастикадан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем Кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасы алғашқы жүлдесін жеңіп алды. Ел намысын қорғаған Астана қаласының гимнасшылары топтық жаттығуда жоғары нәтиже көрсетіп, 51,25 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Араға төрт жыл салып, халықаралық додада қайтадан жүлдегер атанған елордалық арулар өз шеберліктерін дәлелдей білді. Команда құрамында Жасмин Жүнісбаева, Аида Хәкімжанова, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Кеңес және Айзере Нұрмағамбетова өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды 55,90 ұпаймен Қытай құрамасы иеленсе, үшінші орын 51,10 ұпай жинаған бейтарап спортшыларға бұйырды.
Айта кетейік, бұған дейін 2022 жылы дәл осы Ташкент төрінде елордалық гимнасшылар топтық жаттығуда қола жүлде еншілеген болатын.






