Жаңалықтар

Джиу-джитсу шеберлерінің дайындығы

 

Арманжан Рузахуновты алыс-жақын шетелдерде жақсы таниды. Джиу-джитсу деген спортты елге әкеліп, оған балаларды тартып, қабілетті дегендерін әлемдік ареналарға алып шығып жүрген азаматтардың бірі. Бертін келе жеке спорттық залын ашып, оны дамытуға білек сыбана кіріскен еді. Бірақ, аяқасты келген карантин барлық шаруаны тұралатын тастады. Яғни, кейіпкеріміз оның салқынын кәсіпкер ретінде де, жаттықтырушы ретінде де әбден сезінді. Бірақ, алғашқысынан гөрі, кейінгісі маңызды дейді. Өйткені, ол кәсіпқой спортшылар дайындығы қашан да алдыңғы қатарда тұру қажеттігін айтады. Сондықтан, екі ай бойы шәкірттерінің бабын жіті бақылап отырған.

 Ашық аспан асындағы және жабық спорттық залдағы жаттығулардың жөні бөлек. Оларды, тіпті, салыстыруға да келмейді. Әсіресе, джиу-джитсу және басқа да жекпе-жек түрлерінде бозкілемсіз болмайды. Бұл жөнінде талай айтылды. Ақыры жауапты мамандардың құлағына жетіп, түсіністік танытқандары қуантады. Әрине, кешен жабық болғанымен оған қатысты қатаң талаптар бар. Әсіресе, спорттық құрылғылардың тазалығы мен нысандағы ылғалдылық деңгейі маңызды. Яғни, ауа айналымы дұрыс болуы қажет. Бұған қоса, жекелей жаттығулар белгілі бір қашықтықта, ал, жұптық  элементтер бір ғана қарсыласпен және басқаларынан алыс жерде қайталануы керек.

Джиу-джитсу шеберлері күнделікті екі мәрте жаттығу жасап жүр. Бұл өте жақсы көрсеткіш негізі. Өйткені, басқа спорт түрлерінде әзірге бір рет қана дайындалады. Кәсіпқой спорттың заңы солай ғой. Үлкен үзілістен кейін жаттығулар жай-жаймен басталып, бірте-бірте екпінін күшейтуі керек. Ал, бұндағы қыз-жігіттер карантин уақытындағы тынымсыз әзірліктерінің арқасында қазір бір қадам алда келе жатыр. Оған тағы бір себеп – кез-келген уақытта жарыстар басталуы мүмкін. Әрине, әзірге олардың кестесі жайында ешқандай ақпарат жоқ. Бірақ, эпидимиологиялық жағдай жақсарса, басталып кетуге дайын тұрған бәсекелер жетерлік. Себебі, карантин кезінде бәрі кейінге қалдырылды. Енді олар жыл соңына дейін, яғни, қалған жарты жыл көлемінде барлығын өткізіп үлгеруге тырысады.

Кез-келген спорттың тағдыры  олимпиадалық не олимпиадалық емес деген тіркеуге тікелей байланысты. Мәселен, біздің елде алғашқысына ерекше көңіл бөледі. Сәйкесінше, қаржыны да аямайды. Сондықтан, жақын болашақта джиу-джитсу жазғы ойындар қатарына қосылып жатса, даму қарқыны да қарыштайын деп тұр. Несі бар?! Әбден мүмкін ғой. Өйткені, ол бұған дейін Азия Ойындарының бағдарламасына енді. Ал, бұл олимпиадаға бір-ақ қадам қалды дегенді білдіреді. Қалай болғанда да саладағы қыз-жігіттерге және оларды жаттықтырып жүрген мамандарға сәттілік тілейміз. Қауіпті індетке қатысты жағдай тезірек тұрақталып, әлемдік додаларда ел абыоройын асқақтатар күн алыс емес деген үміттеміз.

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button