Бір жарыста екі рет топ жарды
Қазақстандық Кирилл Герасименко халықаралық турнирдің жекелей және жұптық сынында қарсылас шақ келтірмеді. Байрақты бәсеке Қарағандыда өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 80-ге жуық қатысушы жиналды. Айта кетейік, бұл рейтингілік турнир және ТМД төңірегінде осындай деңгейдегі биылдыққа жалғыз жарыс. Іріктеу сындарынан 8 спортшымыз сүрінбей өтті. Ал, финалға дейін тек Кирилл Герасмименко жетті. Жекелей сында ол бас жүлдені үндістандық теннисшімен сарапқа салып, 4:1 есебімен басым түсті. Ал, жұптық сында Алан Құрманғалиевпен бірге барлық қарсыласын ұтты.
«Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтқым келеді. Жарыстың деңгейін көріп, өзіміз аң-таң болдық. Сырт елдердегі бәсекелерге қатысып жүрміз ғой. Біздегі жағдай олардаң асып түспесе, кем емес. Алдағы уақытта дәстүрлі өткізу жоспарда бар. Сәйкесінше, оның танымалдығы артып, қатысушылар саны еселенетініне сенімдімен. Ал, жарыстың өзі өте тартысты өтті. Қарсыластар шетінен мықты. Ұлттық құраманың үздігі болғандықтан жақсы өнер көрсетуге тырыстым» – деді Кирилл жарыс соңындағы сұхбатында.