Астаналық спортшылар жеңіс төрінде: Су добынан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының үздік үштігіне енді

Үндістанның Ахмедабад қаласында 1-13 қазан аралығында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық дода бағдарламасына жүзу, суға секіру, әртістік жүзу және су добы спорт түрлері кірді.
Жарыста Қазақстан ерлер және әйелдер құрамалары сәтті өнер көрсетіп, қола жүлдеге ие болды.
Әйелдер құрамасы үшінші орын үшін өткен ақтық кездесуде Таиланд командасымен күш сынасты. Тартысты өткен ойынның негізгі уақыты 6:6 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл сында отандастарымыз 3:2 есебімен басым түсіп, жалпы 9:8 нәтижесімен қарсыласын жеңді.
Ерлер құрамасы да қола медаль үшін өткен финалдық ойында жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Қазақстандықтар Жапония құрамасын 16:14 есебімен ұтып, құрлық біріншілігінің үшінші сатысына көтерілді.
Ерлер құрамасы сапында астаналық спортшылар – Әкімбай Алдияр, Балтабекқұлы Әділ, Бобровский Мстислав – жоғары шеберліктерін көрсетіп, команда жеңісіне елеулі үлес қосты.
Азия чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар жалпы 23 медаль жеңіп алды:
• Жүзу: 1 алтын, 5 күміс, 4 қола;
• Әртістік жүзу: 7 алтын, 2 күміс, 2 қола;
• Су добы: 2 қола (ерлер және әйелдер құрамалары).
Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады. Бірінші орын – 54 медаль еншілеген Қытай командасына бұйырса, үздік үштікті 20 жүлдемен Жапония қорытындылады.