Астаналық спортшылар — жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында

Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан ІІІ Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында елордалық спортшылар тамаша нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына бірнеше жүлде салды.
🥇 Айым Серікбаева — алтын жүлде
Таеквондо спортынан өнер көрсеткен Айым Серікбаева 44 кг салмақ дәрежесінде қарсыластарынан айқын басым түсіп, финалда вьетнамдық Хуэн Хоанды 2:0 есебімен жеңді.
«Бүгін бәрі жоспарлағандай өтті. Өзіме чемпион боламын деп уәде бердім — және оған жеттім. Бұл тек бастамасы, алда әлі талай жеңістер бар», — деді спортшы.
🥇 Валерия Кузнецова Қазақстан құрама командасы сапында алтын медаль
Жол велосипедінен аралас командалық эстафетада Қазақстан құрамасы мәреге бірінші болып жетіп, елге алғашқы алтынды сыйлады. Команда сапында Астана спортшысы Валерия Кузнецова өнер көрсетті.
🥈 Виктория Мельникова — күміс жүлде
1500 метр қашықтыққа жүгіруден Виктория Мельникова 4:51.61 нәтижемен мәреге екінші болып жетті. Ол Өзбекстан спортшысынан небәрі 0,41 секундқа қалып қойды.
🥈 Рамазан Айнегов — күміс жүлде (триатлон)
Астаналық триатлоншы Рамазан Айнегов супер-спринт қашықтығында үздік нәтиже көрсетіп, 2-орынды иеленді.
🥉 Нурболсын Мурат — қола жүлде (жеңіл атлетика)
3000 метрге жүгіруден Нурболсын Мурат 09:07.81 нәтижемен үздік үштікке енді.
🥉 Анеля Цой — қола жүлде (modern MMA)
45 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Анеля Цой жартылай финалда филиппиндік спортшыға есе жіберсе де, ел намысын абыроймен қорғап, үшінші орынды иеленді.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында Астана спортшыларының үлесі зор — олар ел намысын лайықты қорғап, алтын, күміс және қола медальдармен елорда абыройын асқақтатты.
Елорда спортшыларына алдағы сындарда сәттілік тілейміз!










