Астанада алғаш рет садақ атудан қысқы ел чемпионаты өтіп жатыр

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ересектер мен жастар арасында садақ атудан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты басталды.
1-5 желтоқсан аралығында өтетін бәсекеге еліміздің 12 өңірінен 300-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында Олимпиада, Азия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушылары мен жүлдегерлері бар.
Осы орайда жылдың қорытынды жарысының салтанатты рәсімі өтіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, ҚР ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Усимбеков, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов өз тілектерін білдірді.
Чемпионат аясында жекелей және командалық сайыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал финалдар 5 желтоқсанға жоспарланған.
«Садақ атуда чемпионат жазғы және қысқы болып бөлінеді. Жазғы маусымда спортшылар 50 және 70 метр қашықтықтан атса, қыс мезгілінде нысананың қашықтығы 18 метрді ғана құрайды. Бұған дейін қысқы чемпионаттар Шымкент, Теміртау сынды қалаларында ұйымдастырылып еді. Енді алғаш рет Астанадағы заманауи спорт кешенінде өткізудің сәті түсті. Жылы әрі спортшыларға өте қолайлы», – деп садақ атудан ұлттық құрамасының бас бапкері Бауыржан Жолдыбаев ризашылығын білдірді.
Ашылу салтанатында Токио және Париж Олимпиадасының қатысушысы Ильфат Абдуллин мен блоктық садақ атудан Азия чемпионы Андрей Тютюн өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, құрметті қонақтар да садақты қолға алып, өз бақтарын сынап көрді.
Қазақстан чемпионатында спортшылар жеке, аралас жұптық, командалық сайыс түрлерінде жүлдегерлерді анықтайды.




