Жаңалықтар

Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары

Астана қаласының спортшылары спорт түрлерінен ҚР ұлттық құрама команда сапында халықаралық додаларда мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп елордамыздың еңсесін биік ұстап келеді. Астана спортының соңғы жылдардағы жетістігі жасөспірімдерді спортқа тартып, шұғылданушылар санының артуына өз ықпалын тигізуде. Спортшыларымыздың халықаралық аренада басты жарыстардағы жетістігін саралап кетер болсам. 2023 жылдың басты бәсекесі Қытай мемлекетінде ұйымдастырылған Азия және Пара Азия ойындарынан спортшыларымыз 3 алтын, 4 күміс, 8 қола медальдарды иеленді.

Спортшыларымыз жеңісті жолын 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында спорттың 7 түрінен (бокс, қазіргі бессайыс, үстел теннисі, әйелдер боксы, спорттық құзға өрмелеу, теннис, жүзу) 12  спортшымыз бақ сынап, жалғастырды. Нәтижесінде спорттық құзға өрмелеуден Маймуратов Амир мен бокстан Оралбай Айбектер бесінші орындарға тұрақтаса, бокстан 80 келіге дейінгі салмақта  Оралбай Нұрбек Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарына пара дзюдодан қатысқан екі спортшымыз Науатбек Ақмарал 48 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленсе, Шәми Ерғали 73 келіге дейінгі спортшылар арасында күміс жүлдеге қол жеткізіп, елорда қоржынын олимпиада медальдарымен толықтырды.

Спортшыларымыздың спорттағы сәттілігі 2024 жылы Астана қаласында ұйымдастырылған басты спорттық дода 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болатын. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырып-өткізуге және байрақты бәсекеде бақ сынауда Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен спортшылары және  жаттықтырушылары жоғары деңгейде қатысты.

21 спорт түрінен 89 мемлекеттен келген 2500-ге жуық спортшылар бақ сынаған бәсекеде Қазақстан құрамасының жеңімпаздар тұғырының ең биік мінберіне көтерілуіне ұлттық спорттың оғыландары аянбай тер төкті.

Көшпенділер ойындарының бағдарламасына кірген сегіз спорт түрінен 16 спортшымыз қатысып, жарыс нәтижесінде 8 алтын, 3 күміс, 5 қола медальдарға қол жеткізді.

2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытай мемлекетінің Харбин қаласында өткізілген қысқы Азия ойындарында Қазақстан Республикасының құрама команда сапында Астана қаласының 37 спортшысы спорттың 5 түрінен (шорт-трек – 5 спортшы, конькимен жүгіру – 7 спортшы, керлинг – 2 спортшы, конькимен мәнерлеп сырғанау – 2 спортшы, шайбалы хоккей – 14 ер, 7 – әйел) сынға түсіп, байрақты бәсекеде ел мерейін үстем етті.

Жалпы Қысқы Азия ойындарында Астана спортшылары 2 – алтын, 3 – күміс, 1 – қола медаль иеленіп, халықаралық аренада мемлекет мәртебесін көтерді.

Спортшыларымыз халықаралық деңгейдегі жарыстарда ғана емес республикалық кешенді бәсекеде де жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Үстіміздегі жылдың ақпан және сәуір айларында 14 спорт түрінен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиадасында 42 медаль иеленіп (15-алтын, 18-күміс, 9-қола) жалып командалық есепте Астана спортының тарихында бұрын соңды болмаған ІІ орынды иеленеді. Бұл жетістік мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының  VI Спартакиадасында Астана спортшыларының жалпы командалық есепте чемпион болуымен жалғасты. Қазіргі таңда, кешенді жарыстардың бірі 34 спорт түрінен өтетін Қазақстан Республикасының VI жастар спорт ойындарында елорда спортшылары жалпы командалық есепте 150 медаль иеленіп ІІІ орында келеді.

Жүйелі атқарған жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы Астана қаласының спортты дамыту дирекциясының спорт түрлерінен ҚР ұлттық құрама команда сапына 1962 спортшы дайындалса, оның 721 негізгі, 493 жастар, 748 жасөспірімдер құрамасында.

Ресми жарыстар мен жүйелі ұйымдастырылған оқу-жаттығу процесінің нәтижесінде елорда спортшылары барлығы  2004 жүлде иеленіп, өткен 2023 жылғы нәтижеден 1012 медальға артық көрсеткіш көрсетуде.

2025 жылдың жарты жылдығында 96 спорт түрінен 3714 Астана қаласының құрама команда мүшелері ресми республикалық және халықаралық 282 жарыстарға қатысып нәтижесінде 1447 медаль иеленсе (550 алтын, 449 күміс, 448 қола), білікті спортшылар мен спорт резервін қалыптастыруда 700 спортшы 122 оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Спорттық жетістікті еселеуде бокстан жастар арасындағы азия чемпионатында Т. Мұхатаев пен байдарка мен каноэде есуден Ю. Горбов алтын медалдармен марапатталса, әлем чемпионатында пара дзюдодан А. Науатбек командалық есепте үздіктер қатарынан көрініп, қоян-қолтық ұрыстан Б.Мұратбек жеңімпаз атанған. Үстіміздегі жылы өткізілген джиу-джитсуден ХІІ Дүниежүзілік ойындарында астаналық  Н. Дүйсенқұлов күміс медаль иеленді.  Аталған спортшылар қатарынан ҚР Ұлттық құрама команда сапына 1332 спортшы енгізілген.

2026 жылдың басты уақиғасы Қысқы Олимпиада ойындары. Қазіргі таңда аталған жарысқа конькимен мәнерлеп сырғанаудан София Самоделкина жолдама алып тыңғылықты оқу-жаттығу жиындарына қатысуда. Сонымен қатар, Олимпиада ойындарына қатысуға үміткер шорт-трек, конькимен жүгіру, жаңғы жарысы бойынша спортшыларымыз жолдама алады деген үмітпен дайындық үстінде.

Спортта жоғары жетістікке жеткен спортшыларды әлеуметтік қолдау мақсатында 2025 жылы 298 спортшы мен 17 жеке жаттықтырушыларға ай сайынғы қаржылай жабдықталым тағайындалса, 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына үміткер 13 және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсететін 3 спортшымен қосымша келісім шарт жасалынды.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button