Әділбек Мусин: Токио олимпиадасында топ жарғым келеді
Әділбек Мусинді таныстырып жатудың өзі артық шығар. Біз онымен карантин уақытында онлайн-сұхбат құрып, жағдайы, жаттығуы және жоспарлары жайында сөз қозғап ек. Шамамен бір сағатқа созылған әңгіме барысында жүзу шебері бұрын еш жерде жарияланбаған жеке басына қатысты ақпараттарымен де бөлісті. Соған сәйкес, біз осы сұхбаттың ең өзекті деген тұстарын қағазға түсіріп, назарларыңызға үсынуды жөн көрдік.
«Бассейнде ең соңғы рет карантинге дейін жүздік. АҚШ-та оқу-жаттығу жиындары өтіп жатқан. Қалыптасқан жағдайға байланысты бізді шұғыл елге жеткізді. Одан кейін қатаң шаралар басталып кетті де бассейнде жаттығуға мүмкіндік болмады. Дәл қазір елордадамын. Үйде спорттық құрылғылар бар. Соларды барынша пайдаланып, физикалық бапты жоғалтпауға тырысамын. Бірақ, бәрібір, бассейнсіз қиындау,» – дейді Әділбек.
«АҚШ-тағы дайындықтың жөні бір бөлек. Әдетте, біздің елде аэробты жүзуге басымдық беріледі. АҚШ-тағы әдістеме де соған ұқсас болатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, қатты қателесіппіз. Бәрі басқаша. Бір айдан астам уақыт кәдімгідей қиналдық. Неге? Өйткені, біріншіден, ол жақта кәсіпқой жүзу шеберлері көп. Сәйкесінше, олардың арасындағы бәсеке де жоғары. Соның нәтижесінде жүзудің орташа көрсеткіші күн сайын көтеріле береді. Басқа жағынан, Дэйв Салоның өзі (төрткүл дүниеге танымал жаттықтырушы) шәкірттеріне тыныштық бермейді. Оның жаттығу кестесі өте тығыз және жүктемесі де ауыр. Өте білікті маман ғой. Мықты психолог әрі жақсы мотиватор. Дайындық жұмыстары аяқталса да әлі күнге дейін бізбен хабарласып, жағдайымызды біліп тұрады. Біз мұхиттың арғы жағындағы оқу-жаттығу жиынына өткен жылы мамырда бардық. Яғни, тура 1 жыл бұрын. Дэйв Салоның қол астында жаттығу бақыты меннен бөлек қазақстандық Дмитрий Баландин және Әділ Қасқабайға да бұйырды. Қай-қайсымыз да керемет тәжірибе және ерекше әсер алып қайттық».
«Ал, Қазақстанда нақты жаттығу базамыз жоқ. Әртүрлі қалада дайындаламыз. Көбіне Алматыда боламыз. Орталық стадион жанында бассейн бар. Сол жерде шеберлік шыңдаймыз. Ал, елордада «Барыс Арена» кешеніне барам. Бірақ, онда кәсіпқой тұрғыда шынығуға толыққанды жағдай жасалмаған. Яғни, кейбір нәрселер жетіспейді. Бұған қоса, елордадағы Назарбаев Университеті жанынан жаңадан ашылған Олимпиадалық орталықтағы жағдай да жақсы. Сол жерде толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізуге болады.»
«Карантин кезінде салмақ қосқан жоқпын. Бірақ, ептілік жағы бірте-бірте жоғала бастаған сияқты. Оны қалпына келтіру үшін біраз жаттығуым керек. Әсіресе, бассейнде жаттығудың маңызы зор.»
«Бойым – 191 см. Аяқ киім өлшемі 44-тен басталады. Яғни, әр бәтеңкеде әртүрлі. 44 пен 46-ның арасындағы аяқ киімдерді сатып алам.»
«Мен – 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу шеберімін. Аталған қашықтықта талай ел рекордын жаңарттым. Әлі есімде. Ең алғашқысы 2016 жылы болды. Содан бері жыл сайын жаңа көрсеткіш тіркеп келем. 50 метрлік бәсекеде де жақсы нәтижелер бар. Бірақ, кейін оны басқа жерлестеріміз жаңартты. 200 метрге «дельфин» әдісімен жүзуден де ел рекордын тіркедім. Негізі өз басым көп ұната қоймайтын қашықтық еді. Бірақ, АҚШ-тағы оқу-жаттығу жиындарынан кейін осындай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі туды.»
«Кез-келген спортшы олимпиада чемпионы болуды армандайды. Мен де осы Токиодағы байраты бәсекеге қатысып, мүмкіндікті мүлт жібергім келмейді. Бұған дейін бір лицензиялық жарыста бағымды сынадым. Бірақ, жолдаманы ала алмадым. Кезектісі Ақтөбеде өтуі керек еді. Карантинге байланысты оның уақыты кейінге шегерілді. Өте өкінішті. Өйткені, осы бәсекеде жолдама алатыныма сенімді болғам.»
«Бапкерлер құрамы Токио олимпиадасындағы медальдық көрсекішке қатысты қатаң талап қоймады. Бірақ, нақты тапсырмалар берді. Ұлттық құраманың басы-қасындағы мамандар аса тәжірибелі ғой. Барлығын байыппен жеткізеді. Мұқият түсіндереді дегендей. Өз ішімізден Токиодағы көрсеткіш Рио олимпиадасындағыдан кем түспеу керектігін түсінеміз. Соған талпыныс жасаймыз.»
«Үйленуге қатысты жоспар жоқ (күліп). Әзірге жаспын ғой. Қазір 20-дамын. Бүгінгі таңда кәсіпқой тұрғыда жетіліп, спорттық жетістіктерді еселеуге басымдық беріп жатырмын.»
«Ата-аналарым кәсіпқой спортшы емес. Бірақ, ірі денелі деуге болады. Соның арқасында ірі бала болып, жүзуді бірден жақсы игеріп кеттім. Айтпақшы, бір кездері тай боксымен де айналысқым келген. Төбелестің қыр-сырын үйренсем дегенім ғой. Бірақ, әкемнің «қайтесің, қоя сал» деп айтқаны есімнен кетпей, ақыры жекпе-жек секциясына бармадым.»
«2018 жылы Азия ойындарындағы финал ерекше есімде қалды. Ұлттық құрама болып командалық эстафетада топ жаруды көздедік. Бұл, әсіресе, Дмирий Баландиннің арманы еді. Ол сол кезде-ақ қазақстандық команданы жасақтауды ойлап жүрген.Осының нәтижесінде жүлдеге ілігіп, ел абыройын асқақтатып қайттық.»
«Ел чемпионаттары, әдетте, Ақтөбе мен Теміртау қалаларында ғана өтеді. Өйткені, арнайы электронды құрылғы осы жерлерде ғана бар. Ал, қалған қалаларда, өкінішке орай, бұндай мүмкіндік жоқ. Болғанның өзінде кәсіпқой жарыстарды қабылдауға жарамайды.»
«Жүзу спортында айтарлықтай жарақат болмайды. Бір жеріңді жеңіл ауыртып не сіңірлерді созып алуың мүмкін. Егер оған мән бермей дайындала берсең, әрине, арты ауыр науқасқа әкеледі. Өз басымда қазір жарақат жоқ. Бабым өте жақсы.»
Міне, біздің онлайн-сұхбатымыз осындай бағытта өрбіді. Әділбек жайында басқа да тың ақпараттар не қызықты деректеріңіз болса, бөлісе отырыңыздар.
АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ