Жаңалықтар

Ертең Астана төрінде күрес түрлерінен (еркін, грек-рим және әйелдер) Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді

Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды.

Қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиеваның сөзінше айтулы бәсекеде 50-ге тарта елордалық бозкілем шеберлері қатысады.

— «Қазақстанның елордасы Астана қаласында 1-5 ақпан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтпек. Ел чемпионатына Астана қаласы атынан 48 балуан қатысады. Олардың 20-сы еркін күрестің балуандары болса, әйелдер күресінен сегіз қызымыз қатыспақ. Ал, грек-рим күресінен 20 балуан сынға түседі. Жарыстың ашылу салтанаты 1 ақпанда сағат 17:30-да өтеді. Ал балуандардың белдесуі күн сайын Астана уақытымен 10:30-да басталса, III және I орындар үшін сайыстар күн сайын 18:00-де өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Сондай-ақ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ел біріншілігінің нәтижесіннен кейін Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбулда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандар есімі белгілі болмақ.

Айта кетейік, күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button