Жаңалықтар

Токио-2020: қоржында 8 қола

Қазақстан спортының қола дәуірі. Қазір отандық ақпарат құралдары осындай тақырыпты жарыса жариялап жатыр. Өйткені, Токио олимпиадасында жерлестеріміз 8 бірдей қола жеңіп алды. Қуанамыз ба, мұңаямыз ба, түсініксіз. Себебі, саны жағынан көрсеткіш жаман емес. Ал, сапа жағынан  жалпы есепте жоғары көтерілуге мүмкіндік бермеді. Тізімде Өзбекстан, Қырғызтсан, Түркіменстан сияқты көршілерден, тіпті, кейбір Африка мемлекеттерінен де төменбіз.

Біткен іске сыншы көп дейді ғой. Қазір отандық спортты жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Бір жағынан оларды түсінуге де болады. Өйткені, қазақ жанкүйерлері үміт күткен атлеттер бірінен соң бірі сүрініп жатты. Біреулері қолда тұрған мүмкіндікті жібере салды, басқалары жеңіске деген ұмтылыс танытпады. Әйтеуір, көпшілік ашулы. Жалпы жағдайдың осылай болары о бастан-ақ белгілі ед. Өйткені, Қазақстан олимпиада ойындарына 97 лицензия жеңіп алды. Ал, жоспар бойынша, 100-ден асуы керек. Себебі, соңғы жазғы ойындарға кемінде осынша спортшы апарып жүрміз. Сөйтіп, қысқасы, лицензиялық жоспарды орындай алмадық. Кейін оны басы-қасындағылар қалыптасқан жағдаймен және санитарлық талаптармен түсіндірді. Түсіндіргендей болды. Ал, енді олимпиада ойындарында бәрібір былықтың беті ашылды.

Боксшылардан бастайық. Басқа-басқа, бірақ, бұл спортқа бізде үлкен үміт артады. Жеңіс күтеді. Жүлде күтеді. Жүлде болғанда да алтын ғана. Алайда, биыл жгіттеріміз сенімді ақтай алмады. Басты фавориттеріміз алғашқы айналымдарда ұшты. Ақыры жартылай финалға 8 бокшымыздың 2-еуі ғана шықты. Бұндай жағдай тәуелсіздік алған жылдардан бері бір рет қана болған. Яғни, Бейжің олимпиадасындағы антирекордты қайталадық. Ал,  соңында екеуі де қола жүлдегер атанды. Яғни, бұл жолы қоржында алтын да жоқ, күміс те жоқ. Бұл ел тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.

Есесіне олимпиаданың алғашқы күндері ауыр атлетика мен жапон жекпе-жегі өкілдері қуатынтты. Қай-қайсының да қоласы алтынға бергісіз. Ауыр атлеттердің жағдайын білесіз. Допинг дауларынан кейін қыз-жігіттерімізді кәдімгідей шектеп тастады. Мәселен, дәл осы олимпиадаға 2 спортшы ғана апаруға рұқсат. Онда да оларды қайта-қайта тексерістің астына алды. Бітпейтін сынақтар, толассыз тесттер. Міне, Чиншанло мен Сонға физикалық дайындықтан бөлек, осындай үлкен психологиялық кедергілерден өтуге тура келді. Екеуі де фавориттер қатарында болмады, екеуі де жүлде алды. Дзюдодағы Елдос Сметовтың жетістігі де мақтауға тұрарлық. Өйткені, ол жарақатына қарамастан керемет күресті. Қарсыластарын бірінен соң бірін алып ұрып жатты. Тек жартылай финалда жергілікті палуанға тап келгені болмаса. Әттең, финалға лайық белсесу еді. Бірақ, өкінгеннен пайда жоқ. Елдос қола үшін күресте де жеңсті сенімді түрде жұлып алды.

Одан кейінгі қола күрестен келді. Күрес болғанда еркін күрес шебері Нұрислам Санаев  үздік үштікке ілікті. Әрине, жерлесімізді құттықтаймыз. Бірақ, бір ғана қола көпшіліктің көңілін көншітпеді.Грек-рим күресі бар, әйелдер күресі бар, тіпті, осы еркін күресте тағы 2 палуанымыз қола үшін белдесті ғой. Неге нәтиже жоқ? Дайындық қайда? Жігер қайды? Осы палуандар Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков тіпті, бер жағындағы Нұрбақыт,   Ақжүрек, Гүзелдер салған жеңіс жолды жалғастырсын деп 2019 жылы елордада әлем чемпионатын қабылдадық. Дайындыққа барлық жағдай жасалды. Қаржыны аяған жоқ. Бірақ, нәтиже осындай.

Одан кейін каратэшілеріміздің еңбегі зор. Оны да ерекше атап өту керек. Бұл спорт түрі биыл олимпиадаға алғаш рет қосылды. Сондықтан, көп нәрсе түсініксіз болды. Соның өзінде Дархан Асаділов алтын алып, елді бір серпілте ме деген үміт болған. Өйткені, ол әлемдік рейтингтің алыңғы қаптарында тұр. Бірақ, жерлесіміз жартылай финалда жеңіліп, қола жүлдегер атанды. Артынша дәл осындай жетістікке Софья Берульцева қол жеткізді. Осылайша бас-аяғы 8 қоламен Токио олимпиадасын аяқтадық. Нәтиже нашар. Спалыстармалыц түрде нашар. Бір жағынан дұрыс та шығар. Осы арқылы отандық спорттың қазіргі әлеуеті байқалды. Кемшіліктер көрінді. Жүйеде олқылықтар барын салаға жауаптылар да мойындады. Енді елге орлағаннан кейін барлыған сараптап, нақты шешімдер қабыланады. Біраз бапкер мен басшының қызметі қаралады. Күрделі өзгерістер болады деп уәде беріп отыр. Көрейік.

Сонымен, Токио төрінде көпшілікті әбден күттірген олимпиада ойдағыдай өтті және миллиондаған жанкүйерге керемет әсер сыйлады. Әсіресе, бүкіл әлем вируспен күресіп, әбден қажыған уақытта жақсы бір мотивация болды. Бас-аяғы 15 мыңға жуық спортшы 5 мыңға жуық медальды сарапқа салды. Оның ішінде АҚШ, Қытай және Жапония атлеттері алдына жан салмай, жалпы тізімнің көш басына жайғасты. Ал, Қазақстан құрамасы 8 қоламен 83-ші сатыда. Ең бастысы барлығы өз мүмкіндігін сынап, спорт әлемінің жаңа тарихын жазды. Ондаған рекорд жаңарды. Небір сенсациялар тіркелді. Артынша жазғы ойындар Токиодағы эпидахуалға әсер етпеді. Короновирустың таралуы көпшілік күткендей күрт артқан жоқ деген хабар алдық. Бұл да өте маңызды. Қуанатын жағдай. Себебі, екі жылға жуық  вирустан әбден есеңгіреп, әбден қорқып қалған адамзат бірте-бірте ес жинап, спорттық сайыстарды, әсіресе, осындай олимпиада сияқты ауқымды жарыстарды де өткізе алатынына көз жеткізді.  Үміт оянды. Сенім артты. Рахмет саған, Токио.

АВТОР: АСЛАН ҚАЖЕНОВ

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Back to top button