Қарапайым Илья
Ильин туралы алғаш 2004 жылы естідік. Қызылордада талантты бала өсіп келе жатыр екен. Екі жыл бұрын Семейде жарыс өткен. Сонда өзіндік шеберлігімен танылған. Тіпті тунирдің үздігіне тағайындалған жүлдені алыпты. Бапкері Велорий ағай ғой. Сыр еліне жол түскенде арнайы сөйлестік. Айтқаны мынау:
– Бала деген не, бала деген бала. Қазақ айта ма, ісі оның шала деп. Материал көп. Одан қандай бұйым жасайсың, соған байланысты. Илья да жақсы бала. Біздіңше айтқанда жақсы материал. Қазір одан дұрыс бұйым жасауға тырысып жатырмыз.
Зал іші тарс-тұрс. Көтереді, тастайды. Үндері естілмейді екен. Біраз демалады. Сосын қайта кіріседі. Ыржалақ қаққан біреуін көрдік. Өзгелер демалғанда да ол дамыл таппайды. Залды кезіп жүреді. Тым жылдам. Енді біреумен сөйлесе қалады. Көзі жақсы екен. Күлімдеп тұрады. Жанарынан от көрінді. Илья сол екен. Бапкерлердің бірінен сұрап білдік. Шойын қара баланың қимылына да риза болдық. Аты – Алмас. Бармай жүрген зал ма, көрмей жүрген жаттығу ма, темір көтеріп, шаршаған, шүмектеп тері аққан балаң жігттердің қимылына сүйсіне қарадық та, сыртқа беттедік.
2005 жыл. Мамыр айы. Ақжарма ақпар жетті. Шет елден. 17 жасар Илья Ильин Бусанда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде алтын медаль алыпты. Сәкеңнің, Садық Мұстафаевтың телефонын тереміз. Дауысы жарқын шықты.
– Рахмет, балдыз. Қуанып жатырмыз. Мынаны айтайын ба?
– Нені?
– Жарайды, кейін айтамын.
– Ақыры бастаған екенсіз, енді біз қаламыз ба?
– Аузымнан шығып кетті. Жарайды, бөтен емессің ғой. Велорий қуанып отыр. Салмақтарын запаспен алған ғой. «Толчогы» жақсы болды. 206 келі. Ол он жетіде ғой.
– Қуанышыңыз ұзағынан болсын, жезде.
Сол жылы бапкерлер ересектер арасындағы әлем біріншілігіне апаруды жөн көріпті. Салмақты еркін еңсергенін айттық қой. Доха Азия ойындарына дайындалып жатқан. Катардағы дүниежүзілік бәсеке жоғары дәрежеде өтетіні анық. Илья барды. Қоссайыс қортындысында 386 ұпай жинап, топ жарды. Қызылорданың қаршадай баласы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде олимпиада чемпионы атанды! Бұған дейін мұндай арманның өзі ерсі көрінетін. Мынау кісі баласының ғұмырында кездесе салмайтын жетістік қой. Илья Ильин – әлем чемпионы. Он жеті жасар чемпион! Екінші жаттығуда 216 ұпай жинап, әлем рекордын жаңартты. Міне, жеңіс.
2006 жылы Дохаға бірге ұштық. Жазғы Азия ойындарына. Билетті тіркеу кезінде, құжатты бақылау маңында Велорий ағамен ұзақ сөйлестік. Илья да сол маңда тұрды. Үлкенді сыйлап өскен ұл емес пе. Ол тек қана тыңдады. Арасында жымиып күліп қояды. Өзіне қатысты әңгіме өрбіп жатыр ғой. Велорий ағай былай жұмсақ секілденгенімен, қатал тәртіптің адамы. Шәкірті әлем чемпионы, әлем рекордшысы. Бірақ болжамға тым сараң. «Біз білмейміз ғой, жарыс кезінде бәрі анықталады». Ұшаққа отырдық. Алып, ұшқан албырт чемпионның жанына бардық.
– Ильяжан қалай болады?
– Нені айтасыз?
– Дохадағы бәсеке ше?
– Қалай болғанда. Бәрі дұрыс болады, аға.
– Өй, сөзіңнен айналайын.
– Аға, айта салайыншы.
– Айта ғой.
– Бұл жерде маған қарсылас жоқ қой, шынында.
– Қой, олай айтпа, жау жоқ деме..
– Неғылған жау дейсіз, қатырамын, аға.
Өзіне өте сенімді. Сөйлетсең, айта түсетін секілді. Сапар кезі, жарыс алды. Тіл бар, сұқ бар. Керек емес. Орнымызға қайттық. Айтпақшы, бұл кезде Илья әлемнің екі дүркін чемпионы. Жасөспірімдер арасында да, ересектер бәсекесінде де алтын медаль алған.
Доха Азия ойындарына жан-жақты дайындалған екен. Тап бір олимпиада өткізіп жатқандай. Анау-мынау Олимпиада ойындарының өзі мына Азияданың қолына су құя алмайды. Неткен еңбек, ұйымдастыру комитеті ерлеген екен. Таэквондошылар жарысына келдік. Түсіріп жатырмыз. Елге ақпарат керек. Біреу арқадан қағады. Бұрылдық. Илья! Илья Ильин!
– Ильяжан қалың, қалай, мұнда не істеп жүрсің?
– Қалым жақсы, не істеп жүргенім қалай? Біздің қыз-жігіттерге қолдау көрсетіп жүрмін. Қазақстан командасының жанкүйерімін.
– Жарайсың, Илья, жігітсің. Дайындық қалай?
– Не дайындалатыны бар, аға, айттым ғой, бұйырса бірінші орын біздікі. Сіздікі. Келесіз бе?
– Әрине!
– Шын айтыңызшы?
– Шын айтпағанда. Алла қаласа сол күні сенің бәсекеңді тамашалаймыз.
– Таспаға тартасыздар ғой?
– Бұйырса
– Мамаға айта берейін бе?
– Айта бер, бұйырса барамыз, Илья.
Ауыр атлеттер сынға түсетін аренаға асығып келеміз. Хасен көкем жүз метр алда. «Штативті» ұстап біз ілесеміз. Артымызда – Галина. Ол да барын салып келеді. Жарысқа үлгеруді ойлаймыз ғой. Өзге бәседен жеткеніміз осы. Біреу бізге қарай жүгірді. Мәссаған! Илья ғой. Жүрек зу ете қалды. Бәсеке бел ортасынан бағана асқан. Біліп, тұрмыз. Тіпті бірінші жаттығу аяқталуға жақын. Ильин сыртта. Қатыспай ма, не? Өз ойымыздан өзіміз шошып кеттік.
– Илья, қалайсың айналайын?
– Жақсымын, ағай. Қайда жүрсіздер? Жарыс аяқталатын болды ғой. Әкеліңіз, андағы темірді. Мен көтерейін.
– Көтергенде, Илья-ау жарыс қайда?
– Жарыс қайда дейсіз ғой. Осында. Тез-тез. Үлгермей қаласыздар.
– Әй, мың болғыр айтшы-ей, жарыс не болып жатыр?
– Жарыс болып жатыр деймін, ту ағай, тез болыңыздаршы…
– Сен шықпайсың ба?
– Шығамын. Шыққанда қазір шығамын. Тез болыңыздар. Бағанадан тосып жүрмін. Келемін дедіңіздер.
– Ойбу, айналайын Илья, жеткеніміз осы. Сен бар, дайындал. Келдік қой, бұйырса үлгереміз.
Илья штативті көтеріп алып, ашық тұрған есіктің біріне қойды да кетті. Біздер кептеліп қалдық. Кептелгенде. Күзетшілер жібермей қойды. Тек спортшылар мен бапкерлер кіретін есік екен. Илья айтып жатыр. «Өзіміздің ағайлар ғой», – деп. Штативты алып қалып, Ильяны жібердік. Жылдамдықты одан әрі арттырып, тілшілер кіретін есіктен ішке ендік. Жарыс өтетін орынды да таптық. Хасен камерасын сайлай берді. Сол сәтте Ильяны шақырды. Шыққан бетте көзімен бізді іздеді. Камераның арғы жағындағы Хасен ағасын көрді де, жымиып күлді. Сосын салмақты серпе салды.
АВТОРЫ: АМАНГЕЛДІ СЕЙІТХАНОВ